Понедельник, 23 Январь 2017 05:09

23.01.2017г. Күннен нәр алатын шебер мен оның колледжі..

Бастапқыда техникум ретінде құрылған бүгінгі Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжі – техникалық және кәсіптік білім беретін бірегей оқу орындарының бірі. Колледждердің атауы ғана өзгерген, әйтпесе байырғы кәсіптік-техникалық училищелерден айтарлықтай айырмасы жоқ деп ойлайтындар қатты қателеседі. Заманауи колледждерде маман даярлау мейлінше тереңдетілген бағдарлама бойынша жүзеге асырылады. Ал оқу мерзімі мен стиліне қарай қазіргі колледждер жоғары оқу орындарына жақын.

  Бүгінгі кейіпкеріміз Бектөре Садақбаев – Алматы мемлекеттік    энергетика және электронды технологиялар колледжінің    шеберхана меңгерушісі, талантты студент Орынбай Саламаттың  ұстазы. Ұстаз бен шәкірт қараша айының соңында Швецияда  өткен EuroSkills Еуропа Чемпионатына қатысып қайтты. Бектөре  2006 жылы осы колледжге «Электр станцияларының,  подстанциялар мен желілердің электр құралдары» мамандығына  оқуға түскен. Оқуын үздік аяқтап, Қазақ Ұлттық аграрлық  университетінде дәл осы мамандық бойынша жоғары білім  алған. Үш жыл бойы оқи жүріп, Алматы қаласы мен Алматы  облысына электр энергиясын тарататын «Алатау жарық  компаниясы» акционерлік қоғамында монтер болып жұмыс  істеген.

2013 жылы Бектөре оқыған колледжге Алматы қаласының бюджетінен бөлінген қаржыға заманауи құрылғы алынады. Күн батареялары мен жарық диодты панельдер жасауға мүмкіндік беретін құрылғы алынуына орай онымен жұмыс істеуді үйреніп, әрі қарай басқаларға үйрететін маман қажет болады. Колледж әкімшілігі бұл орынға өздерінің студенті Бектөре Садақбаевты шақыруды жөн көреді. Осылайша, құрал-жабдық инженері қызметіне кіріскен Бектөре арада бір жыл өткенде шеберхана меңгерушісі болады. Ол қазір де осы қызметті атқарады. Студенттерге күн батареяларын жасаудың қыр-сырын үйретеді. Әзірге Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжі күн батареяларын жасауды үйрететін жалғыз оқу орны. Мұнда студенттерге теориялық білім беру кезінде де, тәжірибе сабақтарында да электр энергиясының баламалы көздеріне баса назар аударылады.


Фотоэлементтерді дайындау

Күн батареяларын дайындау цехында бірнеше бөлме бар. Оларда күн батареяларын жасап қана қоймай, сонымен қатар, фотоэлементтерді де тесттен өткізеді. Сондай-ақ күн көзін қабылдап, электр энергиясына айналдыратын дайын күн панельдерімен де жұмыс істейді.

Бектөре Садақбаев қажетті құрылғылармен жабдықталған бес бөлмеден тұратын цехқа басшылық жасайды. Олардың әрқайсысы әртүрлі процесті жүзеге асырады. Атап айтқанда, корпус дайындау, фотоэлементтерді монтаждау, оларды орнату, ламинация жасау, қысу және ең соңында дайын күн батареяларын сынақтан өткізу.

Күн батареяларын жасайтын зертхана қалай жұмыс істейді?

«Студенттер І курстан бастап таныстыру тәжірибесінен өтеді, сол кезде оларға құрылғының қалай жұмыс істейтінін түсіндіреді. Екінші курста күн батареяларын дайындау процесімен және олардың қызметімен танысады. Ал батареяларды негізінен ІІІ курс студенттері тәжірибе кезінде жасайды. Студенттер ІІ курста біздің зертханаға келіп, қауіпсіздік техникасы бойынша сынақтап өтеді де, күн панельдерін дайындау технологиясын үйрене бастайды. Теориясын оқығаннан кейін дайындауға кіріседі. Бастапқыда күніне бір ғана панель жасай алады. Біртіндеп қолдары үйренеді де, күніне күн батареяларына арналған панельдердің бірнешеуін жасайтын болады», – дейді Бектөре.

  «Бастапқыда әрқайсысының қуаты 230 Ватт болатын  күн панельдерін жасап алдық та, оны дәнекерлеу  станциясына қостық. Сөйтіп, оны электр қуатымен  қамтамасыз еттік. Қазіргі кезде колледждің сырт  жағындағы жарықтың барлығы күн батареялары  есебінен жанып тұр», – дейді Бектөре.

  Қазір колледждің сырт жағында 8 күн панелі  орналастырылған, олар оқу орнының алдыңғы  жағындағы 6 прожекторға жарық береді. Аллея мен  кіреберістегі жарық күннен нәр алып тұр. Колледж  аумағында жалпы қуаты 2 киловатт болатын панельдер  орналасқан, олар ішкі жақтағы 14 прожекторға жарық  береді.
 «Қазір бізде дайын күн панельдері бар, жуырда  орналастырамыз. Мұны да студенттер өздері жүзеге  асырады. Қаңқасын дәнекерлеу бойынша тәжірибеде жүрген студенттер жасайды, ал болашақ электр монтаждаушылар панельді сол қаңқаға орналастырады. Мұның барлығы тәжірибе кезінде жасалады», – дейді Бектөре. Енді студенттер бүкіл колледж аумағына күн батареяларын орнатуы тиіс. Сонда колледждің қалалық желіден алатын электр энергиясының мөлшері азаяды.
Батареяларды орналастыру және электр энергиясын пайдалануды азайтудың өзіндік қиындықтары да бар. Көптеген дамыған елде Жасыл тариф деген бар, ол бойынша баламалы электр энергиясын өндірушілер оны энергокомпанияларға өздері сатып алғаннан әлдеқайда жоғары бағаға сатады. Мұндайда электр энергиясы бірден ортақ электр желісіне түседі. Яғни, күн батареясын орнатқандарға оны жинау қажеттілігі болмай қалады. Сондықтан электр энергиясын алу процесі арзанға түседі.

Әрі күн батареялары көп орын да алмайды.

 

Бектөренің айтуынша, Қазақстанда әлі мұндай тәжірибе жоқ. «Колледж электр энергиясының аккумуляторын пайдалануға мәжбүр. Мәселен, қуаты 300 киловатт күн батареяларын іске қосу үшін бүкіл колледж аумағына аккумуляторларды қоюға тура келеді», – дейді Бектөре.



Ал колледждерде тегін кәсіби және техникалық білім алу жөнінде https://vk.com/wall-120804658_768 сілтемесінен білуге болады.

Қосымша фотосуреттер https://vk.com/album-120804658_238940719